Мемлекеттік хатшы Г.Н. Әбдіқалықова 12 мамырда Назарбаев университетінде өткен «Зияткер Қазақстан» дөңгелек үстел отырысына қатысты

May 12, 2016

Дөңгелек үстел жұмысына мемлекеттік органдар өкілдері, қазақстандық және шетелдік көрнекті ғалымдар, жоғарғы оқу орындары мен ғылыми мекемелердің басшылары және қазақстандық ғылыми сарапшылар қатысты.

Дөңгелек үстел аясында үш панельдік сессия өткізілді. Аталмыш сессиялар үстінде отандық ғылымды одан әрі дамытуға және қазақстандық ғалымдардың ғылыми ізденістерін ілгерілетуге қатысты өзекті мәселелер жан-жақты талқыланды.

Мемлекеттік хатшы алғысөзінде Қазақстан Президенті Н.Ә. Назарбаевтың отандық ғылымды қажет ететін экономика әлеуетін арттыруға айрықша мән беретінін атап өтті. Жаңа технологиялық деңгейге көтерілу үшін экономиканың әрбір саласы инновациялық тәсілді қажет етеді. «Қазақстан-2050» стратегиясында белгіленген міндеттер экономика салаларын қалыптастырумен байланысты.

Г.Әбдіқалықова «білім үшбұрышының» – білім, зерттеу және инновация экономиканың ғылымды қажет ететін салаларын дамытуда негізгі рөл атқаратынына Мемлекет басшысының ұдайы тоқталатынын атап өтті.

Мемлекеттік хатшы сондай-ақ бүкіл әлемде жаһандық бәсекелестік тудыратын жаңа технологияларға, ғылыми зерттеу нәтижелеріне және жоғары білікті мамандарға сұраныс бар екеніне баса назар аударды.