«ABC QUICK START» АКСЕЛЕРАЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

May 2, 2017

НАЗАРБАЕВ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ «ABC QUICK START» АКСЕЛЕРАЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

2017 жылдың 4 ақпанында Астана қаласында Назарбаев Университеті Технопаркінің аумағында ABC Quick Start акселерациялық бағдарламасының Demo Day форматындағы қорытынды іс-шарасы өтеді. Іс-шараның мақсаты – инвесторлар мен жалпақ жұртқа жұмыстың нәтижелері мен стартап-компаниялардың алға басуларын көрсету. Сондай-ақ іс-шара аясында Назарбаев Университетінің инновациялық жобаларының көрмесі ұйымдастырылатын болады.

2016 жылдың 15-16 қазанында 130 жобаның арасында іріктеу өткізілді, байқаудың нәтижесінде он екі апта ішінде НУ-дың сынамалы Технопаркі базасында  акселерациядан өткен 7 финалға қатысушы команда іріктеліп алынды. Акселерациялық бағдарламаның қорытындысы бойынша компаниялардың бір бөлігі өздерінің жобаларын іске қосуға мүмкіндік алды, ал қалғандары өз сатылымдарының ұлғаюына қол жеткізді.

  • “Everyday” әлеуметтік дәмханасы – ерекше мұқтаждықтары бар ересектерді оқыту мен жұмыспен қамтуға арналған дәмхана. Жоба қоғамдағы сыйластық пен түсіністікті, қайырымдылықты алға жылжытуға, сондай-ақ экологиялық өндірісті қолдауға бағытталған.
  • Salemdeme – басқа жолаушылар арқылы әлемнің кез келген түкпіріне сәлемдемені беріп жіберуге мүмкіндік беретін, қосымша табыс табу мүмкіндігі бар қызмет түрі;
  • IZZI booking қызметі – орта және шағын бизнеске арналған клиенттердің ыңғайлы электронды базасы. Бұл қызмет түріне кестенің, келіп кетулердің және қызметтердің толық мониторингісі, клиенттерді жылдам тіркеу қызметі, жоспарланған жазылу туралы хабарлама қызметі, сондай-ақ клиенттерге арналған онлайн жазылу парақшасы жатады;
  • 3D Metal Printer – санаулы сағаттар ішінде сандық үлгіден дайын өнім даярлайды. Қолжетімді бағамен жоғары ажыратылымдықты металмен басып шығаратын 3D принтер;
  • Bionics –қолы жоқ балалар үшін дербес протездерді тұрақты түрде (18 жасқа дейін) 3D принтерде дайындау. Жобаның мақсаты – еліміздің аумағында протездерге мұқтаж адамдарды қамтамасыз ету, сондай-ақ Bionics студенттердің еріктілер клубының желісін құру;
  • Giftsensor – әлеуметтік желілердегі пайдаланушы профилін лингвистикалық және визуалды талдау негізінде сыйлықтарды таңдау қызметі.
  • Smart Monkey – ай сайынғы жазылу бойынша балаларға арналған дамытушы жиынтықтар. Жобаның мақсаты – ата-аналарға балаларын үйде дамытуға көмектесу және балаларды гаджеттер мен теледидар көруден арылту.

Іс-шара барысында Технопарк, коммерциялау кеңсесі мен бизнес-инкубатордан тұратын Astana Business Campus (АВС) инновациялық кластерінің тұсаукесері өтеді. Жобалардың нәтижелері таныстырылады, сондай-ақ Қазақстанның стартап-компаниялары, инноваторлар мен ғалымдар үшін де, сонымен қатар кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін де АВС-мен ынтымақтастық орнатудың айрықша мүмкіндіктері туралы айтылады.

Іс-шара қатысушылары – қазақстандық және шетелдік университеттердің коммерциялау кеңселерінің өкілдері мен ғылыми қызметкерлері, тәуекелді қорлар, дамыту институттары, инноватор кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар және т.б.